Қ.Әбусейітовтың айтуынша, «мұндай механизм жасап шығару оңайға түспейді», әрі ол біраз уақыт жұмсауды талап ететіні сөзсіз, дегенмен, осындай жұмыстың қажеттігі айқын. Атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ түрлерінің заңсыз саудасы «лаңкестік, есірткі тарату және белгілі дәрежеде заңсыз көші-қон» тәрізді дүниежүзілік қауымдастық қазір бетпе-бет келіп отырған жаңаша қауіп-қатерлермен «тығыз байланысты»,- деді ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. «Осынау тығыз байланыс аталмыш қауіп-қатерлердің әлемнің қай өңірі үшін де, соның ішінде Орталық Азия үшін де үлкен қатер екенін ұғынуға» мүмкіндік береді,- деді Қ.Әбусейітов.
Сонымен біруақытта Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Қауіпсіздік және қарусыздану жөніндегі аймақтық орталықтың директоры Цутому Ишигуридің пікірінше, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ түрлерінің заңсыз саудасына қатысты Орталық Азиядағы ахуал «дүниежүзінің кейбір аймақтарындағыдай орасан қауіп төндіріп отырған жоқ». Дейтұрғанмен, осындай проблеманың бар екені рас болғандықтан, осыған қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Мәселемен дер кезінде айналыспаса, жеңіл қару түрлерінің заңсыз саудасына қатысты проблема тіптен ушығып кетуі мүмкін, деді ол.
ҚР ІІМ-нің бірінші орынбасары Иван Оттоның мәліметіне жүгінсек, 2003-жылы еліміз бойынша 900 қару мен 800 кило оқ-дәрі заңсыз айналымнан шығарылған. Орталық Азия аймағындағы заңсыз айланымда жүрген қару-жарақтың басым бөлігі
бұрынғыдай Ауғанстанда шоғырланып отыр. Сарапшылар ақпаратына сәйкес, бұл елде қазір 10 млн. атыс қаруы бар.