Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі «Техник-гидролог» және «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандықтары бойынша кадр даярлауды бастайды. Ал Қарағанды облысындағы Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша мамандар даярланады.

Қазір су шаруашылығы саласы үшін кадрлар даярлауды 757 студент оқитын 8 арнаулы орта оқу орны жүзеге асырады. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша аталған колледждерді 208 түлек тәмамдады.
– Осы колледждерде білім алып жатқан болашақ су мамандары өндірістік тәжірибеден «Қазсушар» РМК филиалдарында өтеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын барлық оқу орнымен тиісті меморандумдарға қол қойған. Биыл су саласында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Колледждерде студенттер «Гидротехникалық құрылыс», «Гидротехникалық мелиорация», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» және «Гидрогеология» мамандықтары бойынша білім алып жатыр, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Марат Иманалиев.