Қоғамдық комитет мүшелерінің пікірінше, Ақтөбе облысының әкімі Ермек Имантаев кәсіпкерлерге, журналистер мен облыстың қарапайым тұрғындарына қатысты өз іс-әрекеттерімен мемлекет қайраткерінің беделін түсіруде, оның осындай маңызды мемлекеттік лауазымда отыруға моральдық құқығы жоқ. Атап айтсақ, баспасөз мәслихатында сөз сөйлегендердің пікірінше, әкімнің облыс аясында жүргізіп отырған саясатының салдарынан бөтен пікір ұстанатындарды қудалау, саяси және экономикалық себептермен қуғынға ұшырату құбылыстары қалыпты көрініске айналды. Соның кесірінен облыс тұрғындары әділеттілік пен болашаққа деген сенімнен айрылуда.
Комитет мәлімдемесінің мәтініне жүгінсек, облыс әкімі осындағы маман тағайындау саясатын жегжаттық немесе жеке басына адалдық тұрғысынан жүзеге асыруда. Мәселен, Мұғалжар ауданының әкімі қызметіне оның немере ағасы Нұрлан Сейіткамалов, Ақтөбе жылу электр орталығының директоры болып әкімнің туған ағасы Б.Түйтебаев, Ақтөбе әкімінің бірінші орынбасары лауазымына оның жақын досы әрі бизнестегі әріптесі Глеб Щегельскийлер тағайындалған. Е.Имантаевтың жеке жүргізушісі Асқар Сағиданов Ақтөбе жер комитетінің төрағасы болып шыға келді. Комитет мүшелерінің айтуынша, қаладағы кәсіпорындардың бір бөлігін ашық немесе жасырын түрде осы адамдар бақылап отыр. Олар сондай-ақ, өздерімен бәсекелестерді аймақтан әкімшілік жолмен «ығыстырып шығару» саясатын пәрменді жүргізіп, жер рыногы мен облыста өткізілетін тендерлерді тікелей қадағалайды. Бүған қоса, кәсіпкерлердің мүлкін заңсыз тартып алу деректері де тіркелуде.
Комитет мүшелерінің пікірінше, осындай қитұрқы әрекеттердің салдарынан Ақтөбе облысының экономикасы құлдырауға ұшырап, бюджет түсімдері қысқарды.
1-қаңтардан бері облыс дотациялы аймаққа айналды. Бұған қоса қала тұрғындары облыс әкімінің нысапсыздығына да наразы. Мәселен, мәлімдемеде 2004-жылдың 10-20-мамыры аралығында әкімнің Түркияға туристік сапарға Түркия әуе компаниясының ұшағын жалдау дерегі келтірілген. Жал құнына 40 мың доллар төленіпті. Алайда, комитет мүшелері Ақтөбе облысы әкімінің осындай әрекетін дәлелдейтін құжаттарды көрсетуден бас тартты. Олардың айтуынша, бұл дерекке қатысты жайттарды ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сот анықтауы тиіс.
Сондай-ақ, Ж.Қуанышәлінің хабарлауынша, комитет өз дәйектерінің ақиқаттығын дәлелдеу үшін Ақтөбе облысы тұрғындарының аталмыш мәлімдемені жақтаған қолдарын жинау шарасын өткізбекші. Бұдан кейін мәлімдеме мен қойылған қолдардың тізімі ҚР президентінің әкімшілігіне жіберіледі.