Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жиынды ашқан Мемлекет басшысы былтыр күзде Алматы жұртшылығымен кездесу барысында қаланы дамытудың басты бағыттары айқындалғанын атап өтіп, нәтижесінде Алматыны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, шаһардың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін айтты.
Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ орталық ретінде дамиды. Сонда орталықтағы қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада тұрғындар саны орташа алғанда жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақтылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мегаполистегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау жөнінде міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке капиталды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын күшейту, жаңа көлік-логистикалық орталықтарына қолдау көрсетудің тың шараларын қарастыру, креативті индустрия, туризм салаларын дамыту Алматы экономикасына тың серпін беруге тиіс.