Еліміздегі ірі компаниялардың басым бөлігі Жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде құрылатындықтан, облигациялардың эмитенті бола алмайды, сонымен бірге, өз акцияларын Қазақстан қор биржасының «А» листингі аясында сата алмайды. Осындай жағдай депутаттық сауал жолдауға түрткі болып отыр. Ал «В» листингі аясында шектеу салдарынан ЖШС акцияларына Зейнетақы жинақтаушы қорлары секілді инвесторлар қол жеткізе алмай отыр.
Депутаттың айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС 2004-жылы 1 млрд. долларға бағаланған акцияларын шетелдерде сатты. Ал шын мәнінде «бұл қаржыны ішкі рыноктан да несиелеуге болар еді».
Сондай-ақ, 2004-жылы тағы бір ірі компанияға саналатын «Қазақмыс» Акционерлік қоғамнан ЖШС-іне айналды. К.Сағадиевтің пікірінше, соның салдарынан ол да Қазақстан рыногынан кетуі мүмкін. «Ал осы компанияның акциялары отандық қор рыногында мейлінше жоғары бағаланады»,- деді ол.
Депутаттың пікірінше, Қазақстанның қор рыногы ірі көлемдегі эмиссияларды қамтамасыз ете алады. «Сонымен бірге Қазақстанда тиімді қаржылық құралдарға сұраныс танытып отырған Зейнетақы жинақтаушы қорлары секілді отандық инвесторлар көп».