Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 6-наурызда Теміртауда Калинин көшесінің бойында орналасқан төрт қабатты №20/1 үйдің бір подъезі құлап қалған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, подъезд тұрғындарынан ешкім де қаза тапқан жоқ делінді.
Өткен уақыт ішінде үйдің қалған бөлігін нығайту және құлаған бөлігін бұзу жұмыстары жүргізілді. 14-сәуір, бейсенбіде қалдықтарды аршу барысында подвал деңгейінде үйінділердің астынан аты-жөні әзірге анықталмай отырған белгісіз еркектің мәйіті табылды.
Ал бүгін мәлім болғанындай, оқыс оқиға орнында жұмыс істеген сарапшы комиссия үйдің құламай қалған бөлігін тұруға жарамды деп тапқан. Құлаған подъезде тұрған отбасылар ғана жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді.