Отырыс барысында кеңес құру жөніндегі келісімге қатысушы елдердің соттары арасында құқықтық ақпараттармен алмасу тәртібін бекіту, сондай-ақ, құқықтық көмекті ұйымдастыру тәртібіне, келісімге қатысушы соттардың шешімдерін басқа елдер аумағында орындау, мемлекеттік баж салығының мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібіне қатысты келісім ережелерін біртұтас пайдалануға қатысты мәселелерді талқылау көзделіп отыр.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеңес құру туралы келісімге 2002-жылғы қазан айында Кишиневте Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Украина мемлекет басшылары қол қойды. Қазір бұл келісімге бақылаушы ретінде Әзербайжан біріккен.
«Алға қойған мақсаттарға байланысты кеңес экономикалық дау-дамайларды қараудың құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдіру, сот шешімдерін орындату төңірегінде күш біріктіру, шаруашылық заңнамаларды пайдалану саласында өзара тәжірибе алмасуға түрткі болу міндеттерін жүктейді. Сондықтан да біздің осы тұрғыдағы ынтымақтастық перспективаларымыз ауқымды әрі сан-салалы»,- деді отырысты ашқан ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми.
Отырысқа Беларусь Республикасы Жоғарғы шаруашылық сотының төрағасы Виктор Каменков, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, РФ Жоғарғы арбитраждық сотының төрағасы Антон Иванов, Украина Жоғарғы шаруашылық сотының төрағасы Дмитрий Притыка, ТМД экономикалық сотының төрайымы Анар Керімбаева мен ТМД Атқрау комитеті төрағасының кеңесшісі Валерьян Вежновец қатысып отыр.