Үйлестіру кеңесінің бас қосуына Түрікменстан мен Өзбекстаннан өзге барлық ТМД республикаларының бас прокуратураларының өкілдері қатысуда. Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Молдова, Ресей және Тәжікстан бас прокурорлары келді .
22-сәуірге дейін созылатын отырыстың күн тәртібіне 8 мәселе енгізілген. Атап айтсақ, прокурорлар «Прокуратура туралы» модельдік заң жобасын, сондай-ақ, мемлекеттер арасында қылмысқа күдіктілерді іздестіруді іске асырудың біртұтас ережелері туралы инструкция жобасын сарапқа салады.
Сонымен қатар бас қосуға қатысушылар ТМД елдері прокуратураларының ҒЗИ мен оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы, азаматтардың құқығын қорғау жағдайы, соның ішінде, өз мемлекеттерінің аумағынан тысқары, ТМД аумағында жүрген азаматтардың құқығын қорғау жағдайы, Достастық елдері прокуратура органдарының есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес саласындағы ықпалдастығы туралы талқыламақшы.
Сонымен қатар үйлестіру кеңесінің бұған дейінгі отырысында қабылданған шешімдер мен алға қойылған міндеттерді іске асыру бағытында 2004-жылы тындырылған жұмыстар мен кеңестің қаржылық-шаруашылық іс-қызметі туралы баяндамалар тыңдалады.