Бұл жолы корпус үлгісі жылу-вакуумдық тексеруден өтті. Ол болашақ телекоммуникациялық жер серігінің жылулық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді. Сынақ жұмыстары «Kazsat» байланыс жер серігінің конструкциялары мен жұмыс жүйелерін жерде зерттеу бағдарламасы аясында өткізілді. Болашақ жер серігінің жылулық-вакуумдық сипаттамалары бойынша конструкторлық шешімдер сынақ барысында дәлелденді,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Мәскеудегі Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық-өндірістік орталығында Қазақстан Республикасында телехабарлар тарату жүйесі мен орнықты спутниктік байланыс жүйесін дамыту мақсатында ғарыштық «Kazsat» байланыс жер серігі жасалуда.
2004-жылы Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық-өндірістік орталығында Қазақстандық тұңғыш геостационарлық жер серігін жасап ұшыру туралы келсім-шартына қол қойылды.
Келісім-шартына сәйкес, ғарыштық аппарат геостационарлық жер орбитасына 2005-жылдың 25-желтоқсанында ұшырылуы тиіс.