Екі жақты ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық негізінің аясын кеңейту үшін жұмыс тобының жетекшілері 1997-жылдың 2-маусымында қол қойылған өзара еркін сауда-саттық туралы Өзбекстан-Қазақстан үкіметаралық келісіміне қосымша еркін сауда режимінен алынатын төлемдер туралы хаттаманың жобасын бекітті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палаталарының одағы мен Өзбекстан Республикасы сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды көздейді.
Отырыс қорытындысы бойынша ортақ хаттамаға қол қойылып, онда екі елдің мүдделі министрліктері мен мекемелеріне өзара транзит пен жүк тасымалын ұйымдастыруда преференциялар жасау, тауар импортында акциздерді қолдану, кедендік баж салықтары, салықтар мен басқа да төлемдерді өтеу процедураларын жеңілдетуге қатысты мәселелерді дәйектеуге тапсырма берілді.
Қазақстандық өкілдерді ҚР үкімет басшысының орынбасары, индустрия және сауда министрі Сауат Мыңбаев, Өзбекстандық өкілдерді республика үкімет басшысының орынбасары, экономика министрі Рустам Азимов басқарды. Кездесуге сонымен қатар мүдделі министрліктер мен мекемелер, бірқатар ұлттық компаниялар мен екі елдің іскертоп өкілдері қатысты.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2004-жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2003-жылғымен салыстырғанда 44 процентке өсіп, 425,9 млн. долларды құрады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Орталық Азиялық ынтымақтастық» ұйымының 2004-жылғы мамыр айында өткен саммиті кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов екі ел үкіметтеріне өзара тауар айланымының көлемін шұғыл арттыруға және оған кедергі келтіретін факторларлы жоюға шаралар қолдануға тапсырма берген.