2005-жылдың қаңтар-сәуір айларында корпорация инвестицияларының көлемі 79 млн. долларды құрады. Ал 2004-жылғы тиісті мерзімде бұл мөлшер 54 млн. долларды құраған.
2005-жылдың 4 айында корпорация кен өндіру мөлшерін 12,8 млн. тоннаға жеткізді. 2004-жылғы төрт айда өнім мөлшері 11,3 млн. тоннаны құраған. 2004-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда мырыш концентратын өндіру мөлшері 19,2 мың тоннадан 29,2 мың тоннаға жетті. Ал мырышты металл күйінде өндіру мөлшері 0,5 мың тоннадан 20,1 мың тоннаға жеткізілді. Сонымен бірге мыс катанкасын өндіру мөлшері өткен жылғы осы мерзімдегі 1,9 мың тоннадан 20,4 мың тоннаға дейін артты. Металл түріндегі мырыш пен мыс катанкасы Қытайға сатылды.
Қазақмыс 2005-жылы төрт айда құйма түріндегі алтын өндіру мөлшерін 2004-жылғы 441 килодан 695 килоға жеткізді. Ал толлинг жасамай, түйіршік түрінде күміс өндіру көлемі 214 тонна болды. 2004-жылы бұл көрсеткіш 169 тонна болған.
Тазартылған мыс өндіру мөлшері 2005-жылғы төрт айда 130,2 мың тонна болды. Жоспарлау бөлімінің мәліметі бойынша, экспортқа шығарылған жалпы тазартылған мыс көлемінің 45 проценті Қытайға жөнелтілсе, қалған бөлігі Еуропаға жіберілді.
2005-жылғы төрт айда Бөрілі разрезінде көмір өндіру мөлшері 2,1 млн. тоннаға дейін азайды. Ал 2004-жылғы тиісті мерзімде бұл мөлшер 2,6 млн. тонна болған.
2005-жылдың төрт айында корпорация 65,1 млрд. теңгенің өнімін босатты. Бұл 2004-жылғы көрсеткіштен 12,8 млрд. теңгеге артық.