Компаниядағылардың хабарлауынша, қазіргі жағдаймен Әзербайжандағы құбырлардың 98 проценті көміліп, насосты станциялар толық дайын болды. Ал Грузияда насосты станциялардағы жұмыстар 97 процентке орындалды. Түркияда құбырларды көму үшін 7 шақырымдық траншея қазу, 30 шақырым құбырды көму, 636 шақырым жерді қалпына келтіру жұмыстары қалып отыр.
Құбырға мұнай мамыр айында жіберіле бастайды.
Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжанға қарасты бөлігінің құрылыс жұмыстарын атқарушы мердігер — Грецияның Consolidated Contractors International Company, Грузиялық учаскесінің мердігері — Spie Capag/Petrofag компаниясы болып табылады. Соңғысы екі ел аумағындағы насосты станцияларды салушы мердігер ролін қоса атқарады. Ал мұнай құбырының Түркияға қарасты бөлігін осы елдің BOTAS компаниясы салып жатыр.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP — 30,1%, ГНКАР — 25%, Unocal — 8,90%, Statoil -8,71%, TPAO — 6,53%, ENI — 5%, Itochu — 3,40%, ConocoPhillips — 2,50%, INPEX — 2,5%, TotalFinaElf — 5% және Amerada Hess — 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Әзербайждан мұнайын тиеген алғашқы танкер Жейхан айлағынан 2005-жылдың ІІІ тоқсанының аяғы мен ІҮ тоқсанның басында жіберу көзделіп отыр.