Отырысқа мәжілістің 61, сенаттың 34 депутаты қатысып отыр. «Қажетті кворум қалыптасты»,- деді отырысты ашқан мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Сонымен бірге отырысқа Қазақстан үкімет басшысы Даниал Ахметов пен басқа да үкімет мүшелері қатысуда.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «2005-жылғы республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Елбасының халыққа арнаған жолдауында алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жасалған. Заңға енгізілгелі отырған түзетулерге сәйкес бюджеттің кіріс бөлігін 108,1 млрд. теңгеге ұлғайтып, 1 трлн. 249 млрд. теңгеге, шығыс бөлігін 120,4 млрд. теңгеге ұлғайтып, 1 трлн. 362,7 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бюджет тапшылығын 12,1%-ке 113,7 млрд. теңгеге дейін арттыру межеленді.
Нақтыланған макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес, 2005-жылғы Жалпы Ішкі Өнім мөлшері 6,58 трлн. теңге болмақ. Жылдық орташа инфляция 5-7% аралығында болжанған. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы жылдық орташа нақтыланған бағамы 130 теңге болмақ. Әлемдік нарықтағы brent маркалы мұнай бағасы бір барреліне 42 долларды құрайды деп күтілуде.