«Хабар» агенттігінің бұрынғы бас директорымен қоштасу рәсіміне достары мен әріптестері, республикалық және қалалық БАҚ-тардың жетекшілері, танымал адамдар келді. Атап айтсақ, ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚазМҰУ-нің профессоры Сағынбай Қозыбаев, Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжоу Сяопей, әнші Нұрлан Абдуллин сынды танымал адамдар келді.
Әріптестерінің айтуынша, үлкен ұжымды басқарған Жанар үшін жұмыста ұсақ-түйек деген әсте болған емес. Ол өзіне де, өзгелерге де қатаң талап қоятын, әділетті әрі жоғарғы парасат иесі болған.
Жанар Әбділдина 1969-жылдың 3-мамырында Алматыда туған.
Ж.Әбділдина Алматы сәулет-құрылыс институты мен ҚР президентінің жанындағы Ұлттық мемлекеттік жоғарғы басқару мектебін бітірген. 1996-жылы ҚР мемлекеттік мүлік комитетінде жұмысқа жолданды. 1999-жылдан бері Қаржы полициясы мекемелерінде қызмет атқарды.
Ж.Әбділдина 2002-жылдың шілде айынан бері «Еуразия + ОРТ» ЖАҚ-ның әкімшілік мәселелері жөніндегі директоры, 2002-жылдың қазан айынан бері «Еуразия + ОРТ» ЖАҚ бас директорының орынбасары болды.
Ж.Әбділдина 2004-жылдың ақпан айынан бері «Хабар» агенттігінің бас директоры және «Хабар» агенттігі» АҚ басқармаларының төрағасы қызметін атқарды.
KZ-today ақпараттық агенттігі Жанар Әбділдинаның жақындары мен туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтады.