Өзбекстан мемлекет басшысы Әндіжандағы мемлекеттік мекемелерді басып алған адамдармен келіссөздер жүргізетін өкілдерді басқарады деп күтілуде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 13-мамырға қараған түні Әндіжанда бейберекет бүліншілік шығып, қарулы адамдар түрмені басып алып, 2 — 4 мың қылмыскерді босатып жіберген. Сонымен бірге қазір интернет-агенттіктер Әндіжанда қалалық әкімшілік те басып алынды, жергілікті театр мен кинотеатр өртенді деген хабарламалар таратуда. 500 әскер борыш өтеп жатқан қаладағы әскери гарнизонға шабуыл жасалды деген ақпар бар.
Ресейлік БАҚ-тардың хабарлауынша, 11-мамырда Әндіжандағы соттың алдына 5 мыңдай адам жиналып, 2004-жылғы жазда конституцияға қарсы іс-әрекеттері мен экстремистік ұйымдарға мүше болғаны үшін қамауға алынған 23 адамды босатуды талап еткен. Қалада тәртіпсіздіктің орын алуына қамаудағылардың туыс-туғандары түрткі болды деген жорамал бар.