Өзбекстан астанасының көшелеріне автоматпен қаруланған милиция жасақтары шығарылды. Сонымен бірге Өзбекстанның арнаулы қызметтері Ресей телеарналарының хабарларын таратуды доғарып, интернет-сайттарға шығу мүмкіндігін шектеді.
Ал қақтығыс ошағы — Әндіжанда шерулер жалғасып жатыр. Қаланың орталық көшесіне 10 мыңдай адам шыққан. Наразылық шарасына қатысушылардың айтуынша, алаңда «жараланғандар мен қаза тапқандар өте көп». Ереуілшілер президент Ислам Кәрімовтың халық алдына шығуын талап етуде. Наразылық шарасына қатысушылар мемлекет басшысы тәртіп орнатып, бұған дейін қамауға алынған Әндіжандық кәсіпкерлердің туыс-туғандарына жасалып отырған қысымды тоқтатады деген сенімде.
Қазіргі жағдаймен алаңды әскерлер мен әскери техника қоршауға алды. Әскерлер ауық-ауық ереуілшілерге қаратып оқ атуда. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, алаңға 13-мамыр күні кешке шабуыл жасалады.