Экологтар «Мұнай туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілуге байланысты «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын тексеру туралы бастама көтерді. Жаңа талапқа сәйкес мұнайгаз кеніштерін игеру барысында ілеспе газды пайдалы жаратпай жағып жіберуге тыйым салынған.
Экологтар Атырау облысындағы басқа да жер қойнауын пайдаланушыларды ілеспе газды жағуға байланысты тексере бастады. Қазір кәсіпорындар саны нақтылану үстінде.
Кәсіпорындарды жоспардан тыс тексеру шарасы 2005-жылдың 30-мамырына дейін созылады. Қ.Шанкиеваның айтуынша, заң бұзушыларға әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.
Бұған дейін еліміздегі 34 мұнай компаниясының басшылығына ілеспе газды жағуды тоқтату және ілеспе газ өндіру мөлшерін пайдалы жарата алатындай мүмкіндікке сәйкестендіру туралы талап-ескерту жолданған болатын.