Шекара бұзушыны «Арлан» десанттық мобильді тобы «Мырзакент» шекара заставасының маңында ұстады. Өзбекстан азаматы «КамАЗ» автокөлігімен шекара өткелегі жоқ жерден өтпекші болған. Жүк автокөлігін тексерген кезде шекарашылар декларацияда көрсетілмеген 15 тонна мәрмәр тас тапты. Іс материалдары мен жүк кеден қызметкерлеріне табысталды.
Сонымен бірге тағы да Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төңкеріс ауылының іргесіндегі «Сарыағаш» шекара заставасында екі Қазақстан азаматы ұсталды.Олар жүк көлігімен Өзбекстаннан 40 тонна қара металл сынықтарын контрабандалық жолмен әкеле жатқан. Шекара бұзушылардың қолында жүкті тасуға құқық беретін құжаттары мен жеке құжаттары болмай шықты.
Жалпы алғанда 30-мамыр мен 5-маусым аралығында еліміздің шекарашылары 249 шекара бұзушыны ұстады. Контрабандалық жүк алып өтуге жасалған 21 әрекетке тосқауыл қойылды.