«Қазақстан қандайбір тауқыметтерді ұжымдасып шешу тетіктеріне негізделген, БҰҰ-ның жетекшілік ролін сақтай отырып, халықаралық қарым-қатынастарда құқық пен демократияландыруға басымдық беретін халықаралық қарым-қатынастар жүйесін қалыптастыруды қолдайды»,- деп мәлімдеді ҚР президенті.
«Мұндай сыртқы саяси бағыт-бағдар халықаралық лаңкестік пен экстремизмге қарсы күреске, сондай-ақ, аймақтық дау-дамайларды реттеуге байланысты қазіргі заманғы көкейкесті проблемаларды шешуде тәжірибелік маңызға ие»,- деді ол. Осыған байланысты Н.Назарбаев «осы аймақта Орта Азиялық мемлекеттердің одағын құру мейлінше оңтайлы қадам болмақ», деп атап өтті.
«Бұл бастама аймақтағы әлеуетті халықтың мүддесіне пайдалану және тиімді интеграцияны жолға қоюға деген талпыныстан туындап отыр»,- деді Н.Назарбаев.
«Біз ұсынып отырған Одақ — уақытша ғана саяси-экономикалық одақ емес. Бұл жерде интеграцияны сатылы түрде іске асыру, экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеттерді үйлестіру, еркін сауда аймағын, кедендік одақ пен біртұтас тауар, қызмет, капитал, жұмыс күші рыногын құру мен ортақ валюта енгізу жөнінде сөз болып отыр»,- деді ол. Елбасының бағалауынша, «тиісті келісімдер негізінде жүзеге асырылуы тиіс бірлескен шаралар кешенін жобалауға бағытталған ауқымды дипломатиялық жұмыстар бізді күтіп тұр».
«Жақын көршілеріміз бен әлемдегі жетекші мемлекеттермен байланысты нығайту арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, еліміздегі реформаларды одан әрі жалғастыруға қолайлы жағдайлар жасау қажет. Дәл осындай саясат Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүддесіне сәйкеседі»,- деді Елбасы.