Атап айтсақ, мемлекет басшысы Ашық қоғам институтының негізін қалаушы әрі жетекшісі, Сорос қорын басқарушы компанияның төрағасы Джордж Соросты қабылдады. Президентпен кездесуден кейін Ж.Сорос өзінің Қазақстан президентімен «ашық әрі достық» пиғылда әңгіме-дүкен құрғанын журналистерге хабарлады. «Мен демократияны нығайту, соның ішінде әділет жүйесін дамыту бағытындағы көмегімді ұсындым»,- деді Ж.Сорос.
Сонымен бірге Н.Назарбаев BAE Systems компаниясының кеңесшісі Ричард Гарри Эвансты қабылдады. «Біз «Эйр Астана» компаниясының қиындықтарын, соның ішінде Астана-Алматы бағытындағы ұшақтар жеткіліксіздігі мәселесін талқыладық»,- деді Р.Эванс Елбасымен кездесуден кейін. Көлік және коммуникация министрлігінің Алматы-Анталья бағытындағы чартерлік рейстерге тыйым салуына байланысты түсініктеме берген Р.Эванс : «батыс стандарттарына сәйкес құрылған әуе компаниясы дамудың бастапқы сатысында тұрған сәтте үкімет қолдау көрсетуге тиіс», деп мәлімдеді. «Әрине, мұндай жағдай мәңгілікке жалғаса бермейді». «Ұшақ жеткіліксіздігіне қатысты мәселе таяу уақыттарда шешіледі»,- деді ол.
Сондай-ақ, бүгін Н.Назарбаев «РусАл» компаниясының бас директоры Олег Дерипасканы қабылдап, АҚШ-тың Никсон атындағы орталығының энергетика және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бағдарламаларының директоры Зейно Баранмен кездесті.