«Банк белгілеген сауда-саттық шарасы өткізіліп үлгермеуге байланысты келіссөздер нәтижесінде үкімет пен банк үшін бірдей тиімді мәміле жасалды»,- деді Д.Ахметов.
Үкімет басшысының айтуынша, АПК компаниясының мүлік кешенін «ҚазТрансГаз» АҚ сатып алады. «Біз бұл мүлікті банк жариялаған баға аясында сатып алмақпыз»,- деді ол.
«Біз «Алматы Пауэр Консолидейтед» АҚ-ның мүлік кешенін сатып алуға қатысты барлық мәселенің басын ашып алдық. Сөйтіп үкімет бұл істі түбегейлі шешті»,- деді үкімет басшысы.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ директорлары кеңесінің төрағасы Александр Павлов: «қол жеткізілген келісімге Халық банкінің көңілі толады, үкіметтің шешіміне қанағаттанамыз», деп мәлімдеді.
Д.Ахметовтың айтуынша, Алматы қаласының күз-қысқы маусымға дер кезінде толыққанды дайындалуы үшін үкімет тарапынан қажетті шаралар қолданылатын болады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазқстан Халық банкі мүліктік кепілгерлік жөніндегі келісім-шартына сәйкес өз иелігінде болған «Алматы Пауэр Консолидейтед» АҚ-ның мүлік кешенін сататынын жариялаған. АПК компаниясының кредиторлар алдындағы жалпы берешегінің көлемі 19 млрд. теңгені, ал Халық банкіне қарызы 8 млрд. теңгені құрайды. «Алматы Пауэр Консолидейтед» АҚ-ның мүлік кешенін сату шарасы бүгін, 27-маусымда сағат 15-те өткізілуі тиіс болатын.