И.Роговтың айтуынша, тиісті мүмкіндіктердің толықтығына қарамастан, Ата заңның қағидалары заңнамалық актілерде толыққанды көрініс тапқан жоқ. Мәселен, Конституциялық кеңес төрағасының пікірінше, елімізде жергілікті өзін-өзі басқару үрдісі мойындалғанымен, «күні бүгінге дейін тиісті заң қабылданған жоқ».
Сонымен бірге қылмыстық істерді алқа билердің қатысуымен өткізілетін соттарда қарау мүмкіндігін қарастыратын Конституция қағидасын жүзеге асырушы заң күні бүгінге дейін қабылданған жоқ.
«Конституцияға сәйкес сот қоорғауында болу құқығы әркімге тиесілі»,- деді И.Рогов. «Соған қарамастан, жәбірленушілердің мүліктік құқығы үнемі дерлік тиісті деңгейде жүзеге асырыла бермейді. Өйткені заңда оны тек айыпкердің есебінен жүзеге асыру қарастырылған. Демек, шығынның орнын толықтыру мүмкіндігі сотталған адамның әл-ауқатына тікелей байланысты»,- деді кеңес төрағасы. Осыған байланысты И.Рогов «қылмыстардан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығынын өтеуге мемлекетті де қатыстыру мүмкіндігін зерттеген жөн» деген пікірде.
И.Роговтың пайымдауынша, сонымен бірге әрбір азаматтың кәсіби заңгерлік көмек алу құқығы заңдарда жүзеге асырылмаған. Оның пікірінше, «қылмыстық істер бойынша тек айыптаушылар, айыпкерлер мен күдіктілермен ғана шектелмей, сонымен бірге жәбірленушілер мен куәгерлерге де заңгерлік көмек көрсету моделіне көшу арқылы проблеманы шешуге болады».
Конституциялық кеңес төрағасының пікірінше, адамдардың құқығы мен бостандығын тек қана заңдармен шектеу туралы конституциялық ережеге қарамастан, іс жүзінде көптеген заңдарда аталмыш шектеулер туралы жай ғана айтылғаны болмаса, оларды қолдану тетіктері заңға бағынышты нормативтік-құқықтық актілерде ғана регламенттелген.
«Республика заңнамаларының Ата заңға сәйкестілігін қамтамасыз ету мақсатындағы ревизия 1997-жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуға тиіс еді, алайда бұл істің аяқталар түрі көрінбейді. Бұл да Конституция талаптарының орындалмауына бір дәлел»,- деді ол.