Бұл туралы KZ-today тілшісіне Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Хаттамаға Қазақстан атынан ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов қол қойды. Онда екі елдің салық және бюджеттік сипаттағы ақпараттармен алмасуға және фискалдық саясат саласында ашықтық принциптерін сақтауға әзір екендігі айтылған.
Сондай-ақ сапар барысында Қ.Келімбетов Ұлыбританияның сауда және инвестициялар министрлігінің, Лондон Сити халықаралық қаржы қызметінің, Британияның инженерлік құрылыс және консалтинг бюросының өкілдерімен жүздесті. Бұл кездесулерде Қазақстан ахуалында ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бағдарламаларын, бірінші кезекте мемлекет пен жеке бизнестің әріптестік бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар мемлекет пен жеке бизнестің әріптестік бағдарламасын іске асыру үшін өзара тәжірибе алмасу және британиялық мамандарды тарту және Қазақстанда осындай бағдарламаларды өз бетімен әзірлеу, іске асыруға дайындау және жүргізудің машық-тәжірибесін дамыту қажет деген ортақ тұжырымға келді.
Әлеуметтік инфрақұрылымдық нысандарды салу және басқару ісін қаржыландыруға жеке капиталды тарту тәсілі алғаш рет Ұлыбританияда 90-шы жылдардың ортасында қолданысқа енгізілді. Қазір ол тәсіл Батыс және Шығыс Еуропада, Оңтүстік Шығыс Азияда кеңінен қолданылуда. Ұлыбританиялық мамандардың пайымдауынша, Қазақстан экономикасының құрылымдық даму деңгейі мен құқықтық және іскерлік мәдениет деңгейі ТМД елдері үшін инновациялық болып саналатын аталмыш құралды табысты қолдануға қажетті барлық алғышарттарды жасап отыр.
Конференцияның екінші күні ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов пен «ҚазМұнайГаз » ҰК президенті Ұзақбай Қарабалин сөз сөйлейді. Сонымен бірге қазақстандық өкілдер Қазақстандағы энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға атсалысудан мүдделі шетелдік мұнайгаз компанияларының жетекшілерімен кездеседі.