Кеңес барысында ҚР көлік және коммуникация министрлігі өкілдерінің атап көрсеткеніндей, кесте жобасын жасамас бұрын Қазақстанға келетін халықаралық әуе желілері бойынша жолаушылар ағынының таралу ахуалына жіті зерттеу жасалып, елімізге әуе рейстерін ашқан шетелдік әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Бұл компаниялардың басым бөлігі рейстерінің бір бөлігін Астанадағы әуежайға ауыстыруға әзірлік танытып отыр, дейді өкілдер.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, әуе желілерін ауыстыру 2005-жылдың қазан айында жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Кесте бойынша бастапқыда әрбір халықаралық бағыттан бір рейстен көшіріп, сұраныстың өсіміне талдау жасау арқылы Астана бағытындағы ұшырылымдар санын біртіндеп арттыру көзделіп отыр.
Баяндамаларды тыңдаған үкімет басшысы ҚР көлік және коммуникация министрлігі мен ҚР СІМ-іне болашақта Астана мен Алматыға жасалатын ұшырылымдар санын теңестіре отырып, одан әрі Қазақстан Елордасына бағытталатын рейстердің санын арттыруға қол жеткізу үшін шетелдік мемлекеттердің авиациялық билігімен арадағы келіссөздерді жалғастыруға тапсырма берді.
Сонымен бірге кеңесте «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясының шетелдерге жіберетін ұшырылымдарының санын арттыру тақырыбы қаралды. Үкімет басшысы бұл саладағы мәселелер кешенін реттеу үшін белсенді жұмыс істей алмаған ҚР азаматтық авиация комитетіне сыни ескертпелер берді. Атап айтсақ, «Эйр Астана» әуе компаниясының рейстерін қазақстандық жолаушылар үшін тиімді уақытта жүзеге асыру үшін бірқатар Еуропалық елдердің авиациялық билік өкілдерімен келісімге келу қажеттігі төңірегінде әңгіме қозғалды. Осы орайда үкімет басшысы Еуропа әуежайлары арқылы үшінші елдерге транзитті жолға шыққан қазақстандықтардың қолайсыз кестенің салдарынан рейстерді күтіп алтын уақыттарын рәсуа етуіне кейбір мысалдар келтіре кетті.
Өз кезегінде «Эйр Астана » әуе компаниясының басшылығына үкімет басшысы отандық ұшақтар санын арттыру жоспарын жүзеге асыруды кейінге шегере бермеуге, авиақызмет көрсету деңгейін халықаралық стандарттарға мейлінше жақындата отырып, өз рейстерінің санын арттыру мүмкіндіктерін ойластыруға нұсқау берді.