Тұжырымдаманың жобасы мен оны жүзеге асыру жөніндегі 2005-2008-жылдарға арналған кешенді шаралар жоспары ертеректе қабылданған ТМД аясында ақпараттық кеңістік қалыптастыру тұжырымдамасы мен ақпарат саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа қатысты басқа да көп жақты құжаттарды толықтыру негізінде жобаланған.
Тұжырымдаманың жобасында жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қорғауда болуға тиіс мүдделері мен аталмыш мүдделерге төнетін қауіп-қатерлер, Достастық аясында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың басты бағыттары, принциптері, мақсаттары мен міндеттері айқындалған.
Кешенді шаралар жоспарының жобасында ТМД аясында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық-нормативтік базасын қалыптастыру мен дамытуды, ТМД-ға қатысушы елдердің Достастық шеңберінде жүзеге асырып жатқан саясатын ақпараттық тұрғыда қолдау ісін пәрмендендіруді, сондай-ақ, Достастық аясында ақпараттық ортаны қорғаудың тиімді жүйесін құруға қажетті алғышарттарды дайындауды көздейтін шаралар қамтылған.
Бұл құжаттар ТМД-ға қатысушы елдерде, Достастықтың мүдделі мекемелерінде алдын-ала келісіліп, соған сәйкес келіп түскен ұсыныстар мен ескертпелердің негізінде толықтырылып, 2004-жылдың 14-қарашасында сарапшы топ деңгейінде мақұланды.
Аталмыш құжаттарға қатысты өз ұстанымын ертеректе білдірген Ресей Федерациясы сарапшы топтың алдағы жиынында тұжырымдаманың жобасы мен оны жүзеге асыру жөніндегі кешенді шаралар жоспарының нақтыланған нұсқасын қарауды ұсынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті