А.Досжанынң айтуынша, заң жобасы қазір сараптамадан өтуде, ал үкіметте оны қабылдау қажеттігі төңірегінде пікірталас өрбуде.
«Қазақстанда бұл саланы түрлі сипатта реттейтін бірқатар заңдар бар. Атап айтсақ, БАҚ туралы заң, мемлекеттік құпияны сақтау туралы заң мен ақпарат және байланыс туралы заңдар бар. Біз ақпарат саласының өзін реттейтін базалық заң қажет деген тұжырымға келдік»,- деді вице-министр. Оның айтуынша, «дамыған елдердің бәрінде де осындай заң бар». «Заңның басты мәнісі — ел азаматтарының құпия емес ақпараттарды толыққанды алу мүмкіндігіне саяды»,- деді ол.
«Егер сіз журналист емес, Қазақстанның қарапайым ғана азаматы болған күннің өзінде , үкімет немесе басқа да мемлекеттік мекемелерден қандай ақпаратты да шектеусіз алуға құқығыңыз бар. Ол тек мемлекеттік құпияға жатпаса болғаны»,- деп пайымдайды А.Досжан.
«Пікірталас аяқталған соң заң жобасы Қазақстан журналистерінің конгрессі мен ақпарат саласында жұмыс істейтін басқа да қоғамдық ұйымдардың талқысына ұсынылады»,- деді вице-министр.
Сонымен бірге ол «бұл заң басымдық берілген заңға да, шұғыл қабылдануға тиіс заңға да жатпайды», сол себепті парламентке 2006-жылдың аяғында ұсынылады деп атап өтті.