«Біз әлі күнге сот шырғалаңынан шыға алмай отырмыз. Бұған дейін бірде-бір сот отырысы өткен жоқ. Оған себеп — судья бұл істі қарауды кейінге шегерумен келеді»,- деді Б.Жәмішев. «Жеке салымшылардан осы оқиғаға қатысты арыз-шағымдардың көптеп келіп жатуына байланысты біз бұған алаңдаушылық танытпай тұра алмаймыз»,- деді ол.
ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің төрағасы сот тиісті шешім шығармайынша банкті тарату мүмкін емес екенін еске салды. «Осындай шешім қабылданбайынша, қаржылық бақылау агенттігі ешбір қадам жасай алмайды. Салымдарға кепілдік беру қорынан төлемдер беру мерзімі мен көлеміне қатысты біз берген уәделер өз күшінде қала береді. Бірақ олардың орындалу мерзімі сот шешім шығарған күннен басталады»,- деді Б.Жәмішев. «Біз сотқа ықпалымызды жүргізе алмаймыз»,- деді агенттік басшысы. Астанадағы кезекті сот отырысы 24-қазанға белгіленді, деді ол. «Сот ақырында өтетін шығар деп сенеміз»,- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің «Қазақстан Наурыз банкі» АҚ-ның лицензиясы кері қайтарып алынуына байланысты іс-қызметін тоқтату туралы өтінішін қарауды уақытша тоқтатты. Агенттіктің түсініктемесіне сәйкес, «Қазақстан Наурыз Холдингі» ЖШС Астана қалалық сотына банктің лицензиясын қайтарып алу туралы қаулыға қарсы шағымдануға байланысты Алматы қаласындағы Арнайы ауданаралық экономикалық соты агенттіктің өтінішін әлі күнге қарай алмай отыр. Соған қарамастан, аталмыш кәсіпорын өкілдерінің сотқа келмеуіне және агентіктің қаулысына қарсы екінші мәрте шағымдануға байланысты Наурыз Холдингтің өтінішін қарау кейінге шегеріліп келеді.
2005-жылғы 1-қыркүйектегі жағдаймен Наурыз банктің жеке капиталы кері таңбалы 6 592 304 мың теңгені, жиынтық активтері 3 774 545 мың теңгені құрады. Банктің жиынтық міндеттемелері 2005-жылдың 2-маусымы мен 1-қыркүйегі аралығында 327 434 мың теңгеге артып, 1-қазанда 10 366 849 мың теңге болды. Кепілдік беру нысанына саналатын жеке тұлғалардың депозиттері 1 558 949 мың теңге немесе банк міндеттемелерінің 15,1 процентін құрады.
Агенттік Басқармасының 2005 жылғы 2 маусымдағы № 172 қаулысымен төлем және аударма операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде орындамағаны, уәкілетті орган белгілеген пруденциалдық нормативтерді және міндетті түрде сақталуы тиіс басқа нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзғаны, уәкілетті органға көпе-көрінеу күмәнды есеп бергені, нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде бұзғаны үшін, сондай-ақ Агенттік Басқармасының 2004 жылғы 9 қарашадағы қаулысына сәйкес енгізілген консервация қаржылық жағдайдың жолға қойылуы мен жұмыс сапасының жақсаруына әсер етпегенін ескере отырып, Банктен ұлттық және шетел валютасында банк заңдарында көзделген операцияларды жүргізуге берілген лицензия қайтарып алынды.
Агенттік ұлттық және шетел валютасында банк заңдарында көзделген операцияларды жүргізуге берілген лицензияны қайтарып алуға байланысты «Қазақстан Наурыз Банкі» АҚ-ын тарату жөнінде іс қозғау туралы өтінішпен 2005 жылғы 13 маусымда Алматы қаласындағы Арнайы ауданаралық экономикалық сотқа өтініш жасады. Алғашқы мәжіліс 2005 жылғы 22 маусымға белгіленді. Ал Наурыз Холдинг өкілдері 15-маусымда Астана қалалық сотына шағым түсірді.