Сөйтіп заң қабылданды деп танылып, президенттің қол қоюына ұсынылды.
Келісім комиссиясының шешіміне сәйкес, экологиялық міндетті сақтандыру дегеніміз — қоршаған ортаны ластау салдарынан заңды және жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, үшінші бір жақтың дүние-мүлкіне және қоршаған ортаға зиян келген жағдайдағы міндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікке қатысты заңды және жеке тұлғалардың мүліктік мүддесін қорғау үшін туындайтын барлық қарым-қатынастар кешені болып табылады. Келісім комиссиясының шешімімен «сақтандырушы сақтандыру төлемін беруден бас тартқан жағдайда сақтандырған жақтың шеккен зиянын өтеп беру жөніндегі сот шешімі күшіне енген сәттен бастап сақтандыратын жағдай туды деп саналады».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң меншік түріне қарамастан республика аумағында қауіпті шаруашылықпен шұғылданатын барлық заңды және жеке тұлғалар үшін міндетті экологиялық сақтандыруды қолданысқа енгізуге түрткі болып, кәсіпорынның қаржылық ахуалына қарамастан, үшінші жақтың шеккен шығындарын өтеп беруге кепілдік береді.
Заңда жеке кәсіпкерлер үшін 5 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар үшін 65 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сақтандыру сомасы белгіленді. Ең жоғарғы сақтандыру сыйақысы сақтандыру сомасының 0,76-2,65 процентін құрайды.
2005-жылдың 1-маусымында бұл құжатты мәжіліс мақұлдады. Ал 28-маусымда құжатты қараған сенат оған өз түзетулерін енгізді. Сенаттың түзетулері редакциялық және нақтылау сипатында. Олар заң жобасының нормаларын қолданыстағы заңнамамен және әділет техникасы ережелерімен сәйкестендіруге бағытталды.
Заң президенттің қол қоюына ұсынылды.