Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі және экологиялық қызметтердің мамандары Қаламқас кеніші маңынан 1068 бекіре тұқымдас балық пен 98 итбалықтың өлімтігін тауып алып көзін жойды.
Маңғыстау облыстық балық инспекциясының прокуратураға тапсырған анықтамасына сәйкес, бұл дерек бойынша Ақтау табиғат қорғау прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің жан-жануарлар мен жәндіктер дүниесін қорғау тәртіптерін бұзу жөніндегі 289-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сондай-ақ, табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ішкі істер департаментінің су полициясы бөлімшесінің қызметкерлерінен Ақтау табиғат қорғау прокуратурасының басқаруымен тергеу тобы жасақталды. Сонымен бірге сот-ихтиологиялық және сот-химиялық сараптамалар тағайындалды.