В.Әлиевтің айтуынша, бұл құжатқа қатысты негізгі тұжырымдамалық мәселелер келісілген. “Келісімге қол қойылғанға дейін екі ел сарапшылары тағы бір кездесуі мүмкін. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Қазақстан жағы тағы бір кездесу өткізуге ниет білдірген. Бұл кедесу келесі аптада өтуі мүмкін. Бірақ әзірге кездесу мерзімі мен орны анықталған жоқ”,- деді В.Әлиев.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының шетелдік инвестициялар басқармасының бастығы үкіметаралық келісімге алдағы екі айда қол қойылатынын хабарлады. “Әзірге құжатқа қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Келісімге, меніңше, маусымның аяғына дейін, немесе, шілдеде қол қойылады. Ал Азиядағы өзара ықпалдастық және келісім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының 17-маусымдағы саммиті аясында қол қою мәселесіне келсек, бұл- қатаң келісілген мерзім емес, алдын-ала уағдаластық қана. Бірақ біз осы мерзімге дейін жұмыстарды аяқтауға тырысатын боламыз”,- деді В.Әлиев.
Ал ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің орындасары Ләззат Қиынов келісім аяқталып келеді, оған Азиядағы өзара ықпалдастық және келісім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының 17-маусымдағы саммиті аясында қол қойылады деп хабарлады. “Бұл мерзімді ешкім кейінге шегерген жоқ, келісімге осы уағдалы мерзімде қол қойылатынына сенеміз”,- деді Л.Қиынов.
Оның айтуынша, Әзербайжан жағы келісімге қатысты кезекті талқылауларға шақырылған.