Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бір топ депутаттың бастамасымен жасалған заң жобасының нормаларына сәйкес, депутаттық фракцияларға палата төрағаларының орынбасарларын кері шақырып алу туралы ұсыныстар енгізу құқығы беріледі. Сонымен бірге жобаны жасаушылар депутаттық фракциялардың жетекшілерін парламенттің үйлестіруші органдарына (сенат пен мәжіліс бюросы) енгізуді ұсынып отыр.
Сонымен бірге енгізілетін өзгерістер арқылы депутаттық фракцияларға палаталардың жалпы отырысында қаралмай тұрып заң жобаларына қатысты парламенттік тыңдаулар өткізу және оларға қатысты қорытынды жасау құқығы беріледі.
Заңға парламент тарапынан президентке лауазым иелерін тағайындау мен қызметтен босатуға келісім беру тәртіптеріне қосымша енгізу ұсынылып отыр. Атап айтсақ, заң жобасын жасаушылар кандидатураларды алдымен депутаттық фракцияларда қарауды ұсынады.