КТК ақпаратына сәйкес, бас пәтері Дублинде орналасқан халықаралық “Депфа банкі” Алматықалалық әкімшілігінен вексельге қатысты 15 млн. доллар көлеміндегі мерзімі өтіп кеткен берешекті өндіріп алуды талап етуде. Берешек 2005-жылдың желтоқсан айында өтелуге тиіс болған. “Шетелдік банк алматылық шенеуніктерден берешекті күні бүгінге дейін алмаған. Банк басшылығы хат жазыса беруден жалығып, Алматы қалалық әкімшілігімен соттасуға шешім қабылдаған”, — делінген хабарламада.
ҚР қаржы министрлігіндегілер бұл дерек бойынша арнаулы тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мекеме төрайымы Наталья Коржованың тапсырмасымен тексерулер қорытындысы 2006-жылдың 3-шілдесіне дейін таныстырылуға тиіс. “Шетелдік инвестордың қаржылық талаптарына қатысты мәселенің бұдан өзге егжей-тегжейін анықтау мүмкін болмай отыр. Қаржы министрлігі мен “Депфа банк” арасындағы барлық хат-хабар алмасулар құпиялық жағдайында жүргізілуде”, деп хабарлаған КТК телеарнасы бұл мәселе бойынша Алматы қалалық әкімшілігінің түсініктеме беруден бас тартқанын жеткізді.