2006-жылдың қаңтар айында ҚР бас прокуратурасы аталмыш ұшақ түрлерін Қазақстан аумағында пайдалануды тоқтата тұру туралы қаулы шығарды. “Осы оқиғаға байланысты Азаматтық авиация комитетінің төрағасы аталмыш ұшақтарды пайдалану жағдайына зерттеу жүргізу туралы бұйрық берген. Арнайы комиссия құрылды. 20-маусымда біз қорытындымызды шығардық”,- деді Д.Серікбаев.
«Fokker-50» ұшағын пайдаланудағы қиындықтардың басты себебі жер үсті қызметтерінің, яғни, әуежайлардың дайын болмауына байланытсы. Қазақстанда күн райы ахуалы аса күрделі. Жазда +45 градусқа дейін аптап, ал қыста –45 градусқа дейін аяз болады. Осындай жағдай да әсер етті”,- деді ол.
“2006-жылы, 1-қаңтар мен 4-шілде аралығында «Fokker-50» ұшақтарына қатысты бірде-бір оқиға тіркелген жоқ. Бұл аталмыш ұшақ түрлерімен ұшудың қауіпсіз екенін көрсетеді. Әуе компаниясы мен Азаматтық авиация комитеті жолаушы тасымалдау қауіпсіздігіне кепілдік береді”,- деді Д.Серікбаев.
“Эйр Астана“ әуе компаниясының қауіпсіздік техникасы жөніндегі вице-президенті Боб Брайанттың айтуынша, «Fokker-50» ұшақтарының сенімділік көрсеткіші 99,6 процентке тең. “Бұл әлемдік орташа деңгейден біршама жоғары”,- деді ол.
Сол себепті ҚР бас прокуратурасының аталмыш ұшақ түрлерін Қазақстан аумағында пайдалануды тоқтата тұру туралы қаулысына бағыну орынсыз, деді Д.Серікбаев. Ол “Эйр Астана“ әуе компаниясының басқа үлгідегі «Fokker» ұшақтарын сатып алу мүмкіндігін жоққа шығармады.