Қарағандыда облыстық лауазымды тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғалды - kaz.caravan.kz
  • $ 511
  • 602.72
-9 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағандыда облыстық  лауазымды тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қарағандыда облыстық лауазымды тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

ҚАРАҒАНДЫ. 13-шілде. Kazakhstan Today. Қарағандыда облыстық Қаржы департаментін басқарған екі лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекеттік меншіктегі нысандардың заңсыз сатылуына сыбайлас болған деген айып тағылып отыр. Облыстық прокуратура денсаулық сақтау департаменті өткізген тендерде де өрескел заң бұзушылықтар орын алғанын анықтады. Облыстық прокуратура кеше баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады, -деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Хабар агенттігінің хабарламасына сілтеме жасап.

  • 13 Шiлде 2006
  • 372
Фото - Caravan.kz

Мемлекеттік меншіктегі нысандарды тамыр-танысына сатқызып, заңды белден басқандар — облыстық қаржы департаментінің бұрынғы басшылары Виктор Иванов пен Нұрлан Нұрғалиев болып шықты. Лауазымды шенеуніктердің аты шулы «Жазғы театрдың» заңсыз сатылуына да қатысы бар екен. Прокуратура олардың үстінен қылмыстық іс қозғап, қазір Қаржы полициясы тергеу жүргізіп жатыр.

Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Рүстем Дүйсенбаевтың айтуынша, “тексеру барысында бұрынғы «Қарағандымебель» деп аталатын мекемеге қарасты жатақхана және облыстық онкологиялық ауруханаға қарасты ғимарат және одан басқа Сарань қаласындағы перзентхана және денсаулық саласындағы басқа да нысандардың заңсыз сатылғаны анықталды”.

Қоғамға дендеген дерттен денсаулық сақтау саласы да сау болмай шыққан. Прокурорлық тексеру нәтижесінде, департамент өткізген тендерде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың орын алғаны анықталды. Облыстағы 10 қала, 9 ауданды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «Госфарм» қазыналық мекемесінің қауқары тендер талаптарына мүлдем сай болмай шықты. Бұл аздай, тендердің «жалған жеңімпазы» лицензиясы жоқ бола тұра, тізімге тіркелмеген дәрілерді сатып, көлденең табыс тапқан. Жалған құжаттарға департамент бастығының орынбасары Гүлжаһан Утова қол қойыпты. Екі жеп биге шыққан бике енді жауапқа тартылып жатыр.

Жанқозы Нақышев, Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:
— «Госфарм» қазыналық мемлекеттік мекемесіне 824 миллион теңге бөлінетін болған. Осы бүкіл қаржы бойынша қазір бөлінгені – 320 миллион.Осы заңсыз бөлінген қаржыны қазір қайтадан мемлекеттік бюджетке қайтаруға және өткен тендерді бұзуға шара қарастырып жатырмыз,- дейді.

Заңсыз сатылған нысандарға қатысты іс — қазір экономикалық соттың қарауында. Тамыр-таныстықпен алынған ғимараттар таяуда мемлекет меншігіне қайтарыла бастайды.

Перейти к новостям спорта