«Мен Ибрагимовке бизнесіне қажетті несие алуға көмектесуге уәде бергенмін. Келіскеніміздей бизнеспен тікелей Ибрагимов айналысты, ал мен банктен несие алуға жәрдем бердім», — дейді Е. Өтембаев. Айыпталушы, Р. Ибрагимовпен бірге «Таулы Қырат» ауданында коттедж тұрғызып оны сатуды жоспарлаған. Түскен табысты теңдей бөлісуге келісіпті.
«Мен Ибрагимовке келінім арқылы 60 мың АҚШ долларын беріп жібердім. Ибрагимовтың несие алып ақшамды қайтарғанын тостым», — дейді Өтембаев. Айтуынша, қаражат жер учаскесін сатып алу жұмыстарына жұмсалған.
Осыған дейін хабарланғандай, айыптау қортындысында «2005 жылы 22 қарашада Е. Өтембаев Р. Ибрагимовпен А. Сәрсенбаевты өлтіру туралы сөз байласып, «Банк Центр Кредит» АҚ кассасынан, баспана сатып алу мақсатында ашылған 300 мың АҚШ доллары көлеміндегі несие жолымен өзінің келіні Қуатова Айнұр Сайынқызы арқылы 60 мың АҚШ долларын (ҚР ҰБ бағамы бойынша 8 039 400 теңге) алған. Қуатова Өтембаевтың тапсырмасы бойынша, банктен ақшаны алған бойда сол күні Алматы қаласы Фурманов көшесінде орналасқан «Рамстор» сауда орталығында Сығаева Қаныш Мұтанқызы арқылы Ибрагимовке беріп жіберген», — деп көрсетілген.
Сондай-ақ, сот отырысында Р. Ибрагимовтың адвокаты Серік Сәрсенов марқұмдардың мәйіттері табылған орында қайтадан қосымша тексеру жүргізу қажеттігі туралы өтініш жасады. Себебі тергеу-тексеру кезінде, бес мәрте оқ атылғанына қарамастан небәрі екі гильза табылған. «Мүмкін (гильзалардың. — Kazakhstan Today. ескертуі) қалғанын біреу алған болар. Мүмкін олар, ешкім таба алмайтындай алысқа ұшып кеткен шығар», — дейді дактилоскопия, суық қару және баллистика жөніндегі сарапшы Виктор Шкаликов.