Прокуратураның түсініктемесіне сәйкес, қылмыстық іс ауаны ластау жөніндегі 282-ші және жерді бүлдіру жөніндегі 285-ші баптарға сәйкес қозғалды. Істі Қызылорда облыстық ІІД тексереді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 27-шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Днепр» зымыран тасығышы апатқа ұшырады. Республика үкіметінің қаулысымен зымыранның құлауынан келген залал-зардапты анықтау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия төрағасы болып білім және ғылым министрінің орынбасары Азамат Әбдімомынов тағайындалды.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, «Днепр» зымыраны құлаған жердегі гептил концентрациясы шектеулі деңгейден мың еседей артық.