«Бұл кеңеске тек еліміздің ғана емес, сонымен бірге, дүниежүзіндегі сәулет өнерінің танымал өкілдерін енгізіп, кеңесті қаржыландыру мүмкіндіктерін заң жүзінде қарастыру қажет»,- деді үкімет басшысы Даниал Ахметов.
Кеңесте сөз сөйлеген Астана әкімі Өмірзақ Шүкеев «ел президентінің басшылығымен қала құрылысы жөнінде ауқымды кеңес құру» көзделіп отырғанын атап өтті. Кеңес құрамына шетелдік және қазақстандық сәулетшілер енеді. «Бұл кеңес айына бір мәрте бас қосып, принциптік мәселелерді талқылап, стратегиялық шешімдер қабылдайды», деді әкім. Ал Ө.Шүкеевтің айтуынша, қазір жұмыс істеп жатқан қала құрылысы жөніндегі кеңесті «кәсіби мамандардан құралған сәулетшілер комиссиясына айналдыру межеленген. Ол қабылданған шешімдердің егжей-тегжейін анықтайтын болады».
Ө.Шүкеевтің айтуынша, мұндай кеңесті құру «Елордасының айрықша мәртебесі туралы» заңға өзгеріс енгізу арқылы заңдастырылады. Әкімнің ақпаратына сәйкес, бұл түзетулер қазір барлық мүдделі мекемелермен келісіліп, парламенттің қарауына ұсынылды.