«Осыған қатысты сату және сатып алу жөніндегі келісім-шартының күші жойылды деп танылсын»,- деді бүгін сот мәжілісі барысында судья Гүлмира Қаженова.
Жер телімін мемлекеттік меншікке қайтару туралы іс Қарағанды қалалық сотында алғаш рет қаралды. Бұған дейін облыстық прокуратура тексеру барысында 14 жер телімінің әкімшілік тарапынан жеке меншікке заңсыз берілгенін анықтаған. Бұл оқиғалар кейінгі екі жылда жүзеге асырылған. Осы уақытта қалада үш әкім ауысты.
Бүгін өткен сот мәжілісінде Қарағандының орталығындағы саябақ аумағындағы 2,4 гектар жер теліміне қатысты мәселе қаралды. Бұл жерді 3 млн. 477 мың теңгеге сатып алған кәсіпкердің айтуынша, онда ол ойын-сауық орталығын құруды жоспарлаған. Ондай жағдайда саябақ аумағындағы 3 мың дана ағашты кесуге тура келер еді. Кәсіпкер соттың шешіміне қарсы шағым түсіруге әзірге ниет білдірген жоқ.