Осы аптада облыстағы кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтарда мерейтойға арналған шаралар өткізіліп, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылуда. Мерейтойдың басты салтанаты алдағы сенбіде жазушының туған ауылы- Пресновкада өтеді.
Мерейтойға орай Пресновкадағы И.Шуховтың үй-мұражайы күрделі жөндеуден өткізілді. Сенбіде бұл жерде жазушының мүсіні орнатылып, жазушы замандастарының жуырда жарық көрген ол туралы естелік кітабының тұсаукесері өткізіледі. Сонымен бірге Қазақстан жазушылары одағының мерейтойлық отырысын өткізу көзделген. Бағдарламада әдеби-музыкалық бөлім мен концерт қарастырылған.
Салтанатқа жазушының ұлы Илья Шухов қатысады деп күтілуде.
Жуырда С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Иван Шуховтың шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған қатысқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров алдағы мерейтойдың тек Солтүстік Қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.
Иван Петрович Шухов 1906-жылдың 31-шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы Пресновка ауылында туған. Ол «Ненависть», «Горькая линия», «Родина» сынды романдардың авторы. Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді жазушылардың туындыларын орыс тіліне тәржімалаған. Иван Шухов 1977-жылы Алматыда қайтыс болды.