Е.Досановтың айтуынша, мәселен, бөлінген қаржыны мақсатсыз оңды-солды шашу деректері анықталған. «Барлық емдеу-профилактикалық ұйымдары республикалық бюджеттен бөлінген ағымдағы трансферттер қаражатына тіпті диспансеризация басталмай тұрып дәрі-дәрмектер сатып алған, ал қаржының бір бөлігі тұрмыстық шаруашылық бұйымдарын сатып алуға пайдаланылған»,- деді Е.Досанов.
Тексеру қорытындысы бойынша прокуратура облыс әкіміне заң бұзушылықтарды жою және кінәлі адамдарға жауапкершілік жүктеу қажеттігі туралы таныстыру жолддаы. Соның нәтижесінде әкімнің қаулысымен денсаулық сақтау департаментінің жетекшілеріне қатаң сөгіс жарияланып, департамент директорының орынбасары мен сатып алу бөлімінің бастығы жұмыстан босатылды.
Сондай-ақ, Е.Досановтың хабарлауынша, тексеру барысында мемлекеттік бақылаушы органдардың бірқатар қызметкерлері бес шаруашылық субьектісіне мүлдем салынбаған қоймалардың квалификациялық талаптарға сәйкестігі жөнінде жалған қорытынды бергені анықталды. Қорытындыны мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаменті мен төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының қызметкерлері берген. «Облыстық прокуратура жалған қорытынды беру дерегі бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаментінің қызметкерлерінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 314-бабы, 2- тармағында қарастырылған қылмыстық сипаттар бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша сот өндірісінің тоқтатылу дерегінің заңдылығы тексеріліп жатыр»,- деді Е.Досанов.