Кездесу барысында Б.Байқадамов Ұлыбритания парламентінің депутатына азаматтар құқығын қорғау саласындағы өзі атқаратын жұмыс бағыттарымен таныстырды. Уәкілдің арыз-шағымдарды қарауға, мемлекет пен қоғам өміріндегі түрлі салаларда адам құқығының сақталуын қадағалауға, ел өңірлерін аралауға, жинақтаған ақпараттардың негізінде адам құқығына қатысты ахуалға талдау мен мониторинг жүргізуге, адамның құқығы мен бостандығына қатысты заңнаманы жетілдіруге қатысты жұмыстары туралы ақпар берілді.
Өз кезегінде Р.Спринг Вестминистр демократиялық қорының іс-қызметінен хабар беріп, екі елдің саяси институттары арасындағы байланыс аясын кеңейту арқылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әріптестік байланысты дамытуға мүдделілік танытты.
Б.Байқадамов құқық пен демократия, адам құқығын құрметтеу негізінде мемлекеттік басқарудың мейлінше тиімді принциптері мен тетіктерін ұзақ уақыттан бері мұрагерлікпен қолданып келе жатқан Ұлыбританияның мемлекеттік құрылымдарымен арада байланыс орнатудың маңызына ерекше тоқталды.
Тараптар қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, екі жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты.