ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің басшылары бүгін бірлескен баспасөз мәслихатына қатысып, онда бүгінгі өткен кездесудің қорытындылары туралы әңгімеледі.
Баспасөз мәслихатында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин «түпкілікті мақсат — ЕурАзЭҚ елдерінің Кедендік одаққа қосылуы» деп атап көрсетті.
Мемлекет басшылары Қоғамдастық шеңберінде ортақ энергетикалық рынок құру туралы идеяны қолдады, Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастықты дамыту мен атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ мемлекет басшылары Өзбекстанның ҰҚШҰ-ға қосылуы туралы шешімге қол қойды.
— Қазақстан, Ресей және Беларус елдері кедендік одақты құруға негіз болу үшін әзірленген 38 құжаттың 31-імен келісуі бүгінгі кездесудің нақты қорытындысы болып табылады. Бұнымен қоса біз ДСҰ-ға кіру мәселелерімен айналысып жатырмыз. Қазақстан мен Ресей бұл процесте едәуір алға жылжыды және ЕурАзЭҚ-тың басқа да мүшелеріне қолдау білдіретін болады, — деп атап көрсетті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
— Біз осымен біздің халықтарымыздың игілігі үшін көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға деген бірлескен құлшынысты тағы бір мәрте дәлелдедік, — деп атап өтті Владимир Путин баспасөз мәслихатының соңында.