Қырғызстан Қазақстандық инвесторларға 62 бизнес-жоба ұсынды - kaz.caravan.kz
  • $ 504.6
  • 594.27
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
28 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қырғызстан Қазақстандық инвесторларға 62 бизнес-жоба ұсынды

Қырғызстан Қазақстандық инвесторларға 62 бизнес-жоба ұсынды

АЛМАТЫ. 22-қыркүйек. Kazakhstan Today. Қырғызстан Қазақстандық инвесторларға 62 бизнес-жоба ұсынды. Бұл туралы бүгін еліміздің энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов "Қазақстан-Қырғызстан: кәсіпкерлікке жаңаша мүмкіндіктер" атты бизнес-форумда құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

  • 22 Қыркүйек 2006
  • 641
Фото - Caravan.kz

Оның айтуынша, екі елдің билігі мен іскерлік өкілдері бүгінгі кездесу барысында аталмыш жобалар мен оларды шешу жолдары туралы талқылайды.

Б.Ізмұхамбетовтың айтуынша, Қырғызстанмен сыртқы сауда саласында байланыс орнатқан 100-ден астам елдің ішінде Қазақстан екінші орында. «2000-жылдан бері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы дәйекті өсіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 9,9 процентке артты. 2006-жылдың қаңтар-маусым айларында тауар айналымы 179,8 млн. долларды құрады. Соның ішінде экспорт — 128,2 млн. долларды, импорт — 51,6 млн. долларды құрады»,- деді Б.Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, Қырғызстаннан Қазақстанға импортталатын тауарлар құрылымында тас, әк, цемент, асбест, пластмасса өнімдер, мал шаруашылығы өнімдері, машина және жабдықтар, электротехникалық жабдықтар, азық-түлік өнеркәсібі өнімдері бар.

Б.Ізмұхамбетов сондай-ақ 2005-жылы Қазақстанның Қырғызстан экономикасына инвестиция салған елдердің арасында көшбасшы болғанын атап өтті. «Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандық инвесторлар Қырғызстан экономикасына 14,8 млн. доллар салды. Бұл 2005-жылдың осы мерзіміндегіден 2,3 есе артық және ол қырғызстан экономикасына жұмсалған жалпы инвестицияның 18,9 процентін иемденеді»,- деді Б.Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, елімізде Қырғызстан капиталының қатысуымен 92 кәсіпорын тіркелген. Олар сауда-саттық, туризм, құрылыс, су тазарту және тарату, транспорт және жарнама салаларында жұмыс істейді. Қырғызстанда екі ел бірлескен 400 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде Тоқмақ құрылыс материалдары зауыты, Кант цемент-шифер комбинаты, Тоқмақ сүт комбинаты, Белеводье крахмал-патока комбинаты т.б.

Қырғызстанның қаржы-несие саласында еліміздің Қазкоммерцбанк, Қазақстан Халық банкі, Темірбанк, АТФБанк сынды банктер алдыңғы орында. «Қырғызстанда берілетін несиелердің жартысынан астамы Қазақстан капиталының қатысуымен құрылған банктердің үлесіне тиеді»,- деді министр.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Перейти к новостям спорта