Бүгін қалалық әкімшілік ғимаратының алдына «Достық» атты жаңа ықшамауданнан үй алғандар да, алуға кезекте тұрғандар да келді.
Шымкент қаласының әкімі болып жуырда ғана тағайындалған Анарбек Орман жиналғандардың наразылығына әзірге жауап бере алмайтынын көлденең тартты. «Мен тағайындалғаннан бері екі күн ғана өтті. Біраз жұмыс істеп алғаннан кейін менен бірдеңе сұраңыздар»,- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, биылғы жылдың көктемінде Шымкенттің солтүстік-батыс шетінде қаланың бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлының бастамасымен 500 үйден тұратын кедейлерге арналған ықшамаудан құрылысы салына бастады. Құрылыс демеушілер қаржысына жүргізілді. Кедейлердің тізімін арнаулы құрылған қоғамдық комиссия жасады.
Өткен аптада облыстың жаңа әкімі Өмірзақ Шүкеев «Достық» ықшамауданындағы құрылыс жұмыстарының тоқтатылғанын хабарлады. Бұл шешімге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Қазіргі жағдаймен «Достықта» 420 отбасы үй алды. Жүздеген үйлер жартылай салынса, кейбір учаскелерде құрылыс басталған жоқ. Кезек бойынша шала салынған үйлерді алуға тиісті адамдарға үйді өз бетімен бітіріп алу, ал басқаларына жер телімдерін алу ұсынылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті