Заңға осындай түзетулер енгізу туралы бастаманы мәжіліс депутаттары Асқар Бейсенбаев, Еркін Рамазанов пен Михаил Трошихин көтерген.
«Заң жобасын қабылдаудағы мақсат — агроөнеркәсіптік кешенді мемлекет тарапынан қолдау шараларының тиімділігі мен атаулылық жағдайын, сондай-ақ, саланың бәсекелестік қабілетін көтеруге, атқарушы билік бұтақтары арасындағы өкілеттілік аясын шектеуге жағдай жасау болып табылады»,- делінген құжатқа берілген түсініктемеде.
Атап айтсақ, депутаттар жанар-жағармай, тыңайтқыштар, тұқымды дәрілеу заттары мен гербицидтер сатып алуға бөлінетін бюджеттік субсидияларды біріктіруді, ал оларды «үкімет тарапынан басымдық берілген дақылдар бойынша бір гектар егістікке есептеп» бөлуді ұсынуда. Заң жобасы авторларының пікірінше, бұл «агроөнеркәсіптік кешенді мемлекет тарапынан қолдау шараларының тиімділігі мен атаулы болу жағдайын» арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге депутаттар заңға өзгерістер енгізу арқылы жергілікті атқарушы билік органдарына ауылшаруашылығының тауар өндірушілеріне І, ІІ және ІІІ репродукциялық тұқымдарды арзандатылған бағамен беру құқығына ие болдыруды ұсынып отыр. «Бұл норманы енгізу өнім мөлшерін ұлғайтуға, өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісінің сапасы мен тиімділігін көтеруге, егіс алқаптарында жоғары сапалы тұқымдарды пайдалануға ынталандыруға септігін тигізуге тиіс»,- делінген түсініктемеде.
Құжат авторлары өздері ұсынып отырған шаралар алдағы уақытта өнім мөлшерін ұлғайтуға, ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын көтеруге, мемлекет тарапынан атаулы қолдау көрсетуге, ауылшаруашылығы саласын еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту жағдайларына бейімдеуге мүмкіндік береді деген сенімде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті