ҰҚК-нің облыстық департаментінің ақпаратына сәйкес, подполковник Владимир Нағыманов пен полиция майоры Асылхан Жанғазинов ағымдағы жылдың 27-мамырында 600 мың теңгені алып жатқан сәтте ұсталған. «Осы ақшаға ІІМ-нің элиталы бөлімінің қызметкерлері кәсіпкерге мемлекеттік тексеруші органдар мен қылмыстық құрылымдардан қорғауға уәде берген»,- деп хабарлайды департаменттегілер.
Тергеу барысында мәлім болғанындай, ұсталғандар зардап шегушіден бұған дейін де аса ірі көлемде ақша бопсалап келген. Құрылыс жұмыстары мен көмір тасымалы саласында маманданған «Аққорған» ЖШС-нің қожайыны бопсалаушыларға ай сайын орта есеппен 5 мың доллар төлеп келген. Мәселен, тергеу мәліметтеріне сәйкес, 8 айда кәсіпкер айыпкерлерге жалпы алғанда 11 млн. теңге берген.
Тінту барысында В.Нағыманов пен А.Жанғазиновтан оперативтік қызметкерлер заңсыз сақталған оқ-дәрілер тапты.
Сонымен бірге ІІМ барлау басқармасының бұрынғы қызметкерлеріне ҚР Қылмыстық кодексінің «билік өкіліне қатысты күш қолдану» жөніндегі 321 және «құжаттарды қолдан жасау» жөніндегі 325-бабына сәйкес айып тағылуда.
Павлодарлық журналистер бұл процесті өңірдегі кейінгі кездегі ең бір шулы оқиға деп атады. «ІІМ -нің арнаулы бөлімшесінің қызметкерлеріне тағылған айыптың қаталдығын ескерсек, сот шырғалаңы жуырда аяқталмайтынға ұқсайды»,- дейді БАҚ өкілдері.
Судья Әділет Бақтияров келесі сот мәжілісін 1-желтоқсанға белгіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті