Рәсімге республика үкімет басшысы Даниал Ахметов, Ресейдің Федералдық атом энергиясы агенттігінің жетекшісі Сергей Кириенко, «Қазақатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ-ның президенті Мұхтар Жәкішев, «Техснабэкспорт» ААҚ-ның бас директоры Владимир Смирнов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев пен басқа да ресми өкілдер қатысты.
Шара аясында Ресей мен Қазақстанның атом энергиясы саласындағы ынтымақтастығы мәселелеріне арналған үйлестіру жиыны өтеді. Отырыс соңында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық және Қазақстан мен Ресейдің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы кешенді ынтымақтастық бағдарламасы сынды бірқатар құжаттарға қол қойылады деп межеленген.
Осы орайда еске сала кетейік, бұл бағдарлама Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің 2006-жылдың 25-қаңтарындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесіне негізделген. Стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында бірлескен үш кәсіпорын құру көзделген: уран өндіру жөніндегі, уран байыту жөніндегі, Ресец мен Қазақстан бірлескен жаңа үлгідегі ВБЭР-300 энергоблоктары бар атом реакторын құру жөніндегі кәсіпорындар.
Заречное кенішінде дайын өнімнің алғашқы партиясын алу рәсімі — ресейлік реакторларды отынмен қамтамасыз ету үшін уран өндіру жөніндегі бірлескен кәсіорын құрудың нәтижесі.
Кеніштің жалпы қоры 19 мың тонна уранды құрайды. Жылына 1000 тонна уран өндіретін өндірістік қуатқа 2009-жылы қол жеткізілмек. Бірлескен кәсіпорындағы үлес мынадай : «Қазақатомөнеркәсібі ҰАК» АҚ- акциялардың 49,33%, «Техснабэкспорт»ААҚ (РФ) — 49,33%, «Атомредметзолото» ААҚ (РФ) — 0,67 %, «Қара-Балта тау-кен комбинаты» (Қырғызстан) — 0,67 %.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті