Жоғарғы сот Сәрсенбаевты өлтіруге қатысты іс бойынша шешімді жұмада жария етеді (толықтырылған нұсқа) - kaz.caravan.kz
  • $ 505.53
  • 593.44
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
31 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жоғарғы сот Сәрсенбаевты өлтіруге қатысты іс  бойынша шешімді жұмада жария етеді (толықтырылған нұсқа)

Жоғарғы сот Сәрсенбаевты өлтіруге қатысты іс бойынша шешімді жұмада жария етеді (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 7-желтоқсан. Kazakhstan Today. Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілерін өлтіруге қатысты іс бойынша шешімін 8-желтоқсан, жұмада жария етеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

  • 7 Желтоқсан 2006
  • 460
Фото - Caravan.kz

«Жоғарғы соттың алқасы шешім шығару үшін кеңес бөлмесіне кетті»,- деді алқа төрағасы Әбдірашит Жүкенов. «Шешім ертең, 8-жұмада жария етіледі деп күтілуде»,- деді ол.

Ал «Сәрсенбаевтың ісі» бойынша сотталғандардың адвокаттары мен қаза тапқан саясаткердің туыстары Жоғарғы сот алқасы мүшелерінің іс-әрекеттерін заңсыз деп санайды. Олардың пікірінше, сот тараптарға өз пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік бермей, апелляциялық шағымдарды тыңдауды уақытынан бұрын доғарды.

«Жоғарғы соттың әрекеттері мен шешімдеріне мүлдем көңіліміз толмайды. Біз шындықты басқа жақтан да іздейтін боламыз. Халықаралық қоғамдастықтың көмегіне, істің мән-жайына баруға тырысатын заңгерлердің көмегіне жүгінетін боламыз»,- деп мәлімдеді А.Сәрсенбаевтың ағасы Рысбек. «Біз нағыз кінәлілерді табу үшін елдің саяси басшылығына әсер ететіндей барлық әрекеттерге барып, қажетті шараларды ұйымдастыратын боламыз»,- деді ол.

«Процесс барысында заң бұзылды. Мәселен, жапа шеккен жаққа қорғаушы жақтың аппелляциялық шағымда келтірген дәйектеріне қарсылық білдіруге мүмкіндік берілмеді. Ал ҚР Қылмыстық кодексінде осындай құқық қарастырылған. Сонымен бірге кейбір шағымдарды біз тіпті білмей де қалдық»,- деді жапа шеккен жақтың адвокаты Әнуар Қалиев.

Ал өз кезегінде Бас прокуратура түріндегі мемлекеттік айыптаушы айыпталғандар мен жапа шеккен жақтың келтірген дәйектерін негізсіз деп санайды. «Сотталғандардың кінәсі дәлелденгендігі туралы бірінші сатылы соттың қорытындысымен, жасалған қылмыстың түрін анықтау мен соған сәйкес жүктелген жазамен біз келісеміз. Және жазалар іс материалдарына негізделген деп санаймыз»,- деп мәлімдеді Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының отырысы барысында прокурор Күлзия Күйікова.

Оның айтуынша, «Жапа шеккен жақ пен айыпкерлер тарапынан айтылған тергеу барысындағы кемшіліктер де назардан тыс қалған жоқ». «Аталмыш қылмыстық істі тексеру- тергеумен айналысқан тұлғаларға қатысты қылмыстық немқұрайдылық жөнінде қылмыстық іс қозғалды»,- деді К.Күйікова.

«Алматы облыстық сотының сотталғандардға қатысты үкімдері өзгеріссіз орындалуға тиіс, сондай-ақ, қатысушылардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмайды»,- деп пайымдайды прокурор.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, А. Сәрсенбаев пен оның серіктестері — оққағары Бауыржан Байбосын мен жүргізушісі Василий Журавлевтің тапанша оғынан жараланған денелері 13 ақпан күні Алматы облысы Талғар ауданы Көктөбе және «12 бригада» ауылдары арасындағы ауыларалық тас жолдың бойынан табылған болатын. Саясаткерді ұрлап әкету және өлтіру ісі бойынша он адам, оның ішінде «Арыстан» арнайы қызметінің алты қызметкері күдікті ретінде ұсталған.

Жоғарғы соттың қаулысымен Алтынбек Сәрсенбаев, Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды өлтіруге қатысты қылмыстық істі Талдықорғандағы Алматы облыстық соты қарады. Сот мәжілістері 14-маусымда басталып, 31-тамызда аяқталды.

Атап айтқанда, сот үкіміне сәйкес, сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев А.Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс беруші деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айрылса, сот қылмысты тікелей ұйымдастырушы әрі атқарушы деп таныған Рустам Ибрагимов өлім жазасына кесілді, мүлкі тәркіленетін болды. Сондай-ақ, адам ұрлап өлтірген деген айып тағылған Виталий Мирошников та 20 жылға бас бостандығынан айрылып, мүліктері тәркіленетін болды.

Қылмысқа қатысқан басқа жеті адамды сот 3-тен 14-жылға дейін бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарды.

Қылмыстық іс бойынша жапа шеккен және айыпталған екі жақ бірдей Жоғарғы сотқа жүгінген. Жоғарғы сотта іс апелляциялық тәртіппен 5-желтоқсанда қарала бастады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Перейти к новостям спорта