Құқық қорғау органдарының қызметкерлері құрамында ат спорты бойынша халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спортшы бар мал ұрлаумен айналысқан топты бір ай бойы торуылдап жүріп қолға түсірді. Нәтижесінде 30-дан 50 жас аралығындағы бес еркек ұсталды. Олардың біреуі Шымкент қаласының тұрғыны, төртеуі Ордабасы ауданының Бадам ауылының тұрғындары. Ұсталғандардан 16 калибрлі аң аулау мылтығы, шолақ мылтық, жеті тапанша және Калашников автоматының оқтары тәркіленді.
Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек ұсталғандар табындағы аттарды атып өлтіріп, артынша оны сойып , етін ертеңінде таңертең Шымкент базарына өткізіп отырғандықтарын мойындады. Әзірше осы топтың қатысуымен жасалған 18 мал ұрлау қылмысы анықталды.
Қылмыстық іс қозғалып, тергеу ісі жүргізілуде.