«Болжам бойынша 100 мың заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыру жоспарлағанына қарамастан, 20-желтоқсандағы жағдаймен ішкі істер мекемелері ТМД елдерінің азаматтарына арнаулы үлгідегі 150 мың 700 көші-қон карточкаларын табыс етті»,- деп хабарлайды полиция.
ҚР ІІМ мәліметтерінше, еңбек мигранттары ең көп заңдастырылған өңірлер — Алматы қаласы (22 734), Оңтүстік Қазақстан облысы (19 570), Алматы облысы (17 986), Астана қаласы (10 мыңнан астам), сондай-ақ, Атырау, Қарағанды және Маңғыстау облыстары болып табылады.
ІІМ-нің есебіне сәйкес, еңбек мигранттарының жалақысынан бюджетке түсетін салықтар 1 млрд. теңгеден асуға тиіс.
Ақпарат орталығы осы орайда шараның аяқталуына 10 күн қалғанын, «осы уақыт ішінде шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланып отырған жұмыс берушілер мен еңбек мигранттары өздерінің еңбек қатынастарын заңдастыруға мүмкіндіктері бар екенін» еске салды. Алайда, полиция 2007-жылдың қаңтар айында заңдастыру мүмкіндігін пайдаланудан бас тартқан тұлғаларды анықтау үшін шұғыл-профилактикалық шара өткізбекші.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, шара 2006 жылы 4 шілдеде қабылданған «Заңсыз еңбек мигранттарына рақымшылық жасау туралы» заңды жүзеге асыру аясында өтіп жатыр. Заңдастыру шарасы осы заңның жүзеге асуына дейін Қазақстанға алпыс күнтізбелік күн бұрын келген шетел азаматтарына қатысты қолданылады. Оларға айрықша үлгідегі жаңа көші-қон карточкасы беріледі. 1-ші тамызда басталған шара желтоқсанның 31-не дейін жалғасады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті